Талдықорған әуе базасына Сергей Луганскийдің есімі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған әуе базасына Сергей Луганскийдің есімі берілді

09.05.2024

Талдықорған әуе базасына екі мәрте Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Сергей Луганскийдің есімі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ұлттық құрылтайда сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды деген болатын. Салтанатты шараға Қорғаныс министрі мен Халық қаһармандары қатысып, батыр рухына тағзым етті.

Сергей Луганский Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 390 рет көтеріліп, 40-тан астам жаудың ұшағын құлатқан. Екі мәрте әуе кемесін тікелей бағыттап, қарсыласқа соққы берген. «Дәл осындай ерлік тарих парақтарында ұзақ сақталуы тиіс», - дейді қазіргі күннің батырлары.

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:

Мынандай атақты, екі мәрте батыр атанған Луганский атындағы ұшқыштар енді Қазақстандағы ең мықты ұшқыштар болады.

Жетісу облысында Ұлы Отан соғысынан көзі тірі төрт ардагері қалса, солардың үшеуі Талдықорғанда тұрады. Бір ғасырды алқымдаған қатардағы жауынгер Сәрсенбай Қаңтарбай. Қазыналы қарияның бар тілегі – ел амандығы.

Сәрсенбай Қаңтарбай, соғыс ардагері:

Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпақтары өсіп өркендеп жете берсін! Білім алып, оқу оқып, өнер үйреніп, талантты жастар болсын.

Талдықорған әуе базасында Жетісудың аспанын қорғайтын жаңа буын қалыптасып келеді. Енді Сергей Луганскийдің ерлігі ұшқыштар үшін кәсіби бағдар.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу