Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды

10.05.2024

Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды. Ол Хромтау қаласында тұратын Василий Грецкий. Ардагер биыл жүз жасқа толып отыр. Қария әлі ширақ, жастарға көрген-білгенін айтып, халықты бірлікке шақырып отырады.

Василий Грецкий Белорусь елінде дүниеге келген. Балалық шағы қиындықпен өтіпті. Әкесінен ерте айрылған. Тағдыр айдап, соғысқа дейін 5 бауырымен бірге Қазақстанға, Жамбыл облысына келген. Ал соғысқа Алматы қаласынан аттанды. Бірінші Украина және 111-інші Белорусь майдандарының құрамында сегізінші полктың бірінші кавалериялық корпусында соғысқан.

Василий Грецкий, соғыс ардегері:

Бір ұрыстан біздің взводтағы 30 адамның он бесі ғана аман шықты. От пен оқтың ортасында жүрдік қой. Бір мәрте жалғыз мен ғана аман қалып, өзіміздің әскерге әрең дегенде қосылдым. Айта берсем, онадй оқиға көп. Ең бастысы қазір еліміз тыныш. Осы тыныштығымыздан айырмасын, бейбітшілік болсын!

Василий Грецкий үш рет жараланған. Жарасы жазылған соң, майданға қайтадан аттанып отырған. Жеңісті Берлин қаласының түбінде госпиьталда қарсы алыпты. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Соғыстан кейін ұзақ жыл Жамбыл обылсында темір жол саласында еңбек етті. Осыдан 23 жыл бұрын Хромтау қаласына, қызының қасына көшіп келген.

Наталья Грецкая, қызы:

Ол тамақ дайындағанды ерекше жақсы көреді. Бұрын кітапты көп оқитын. Қазір теледидар қарағанды ұнатады. Елдегі және әлемдегі соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Жеңіс күнін жылда үйде балалары мен немере-шөберелерінің ортасында қарсы алады.

Василий Грецкийдің екі қызы мен ұлы бар. Олардан 6 немере мен 10 шөбере көрді. Ардагерді аудан тұрғындары ерекше құрметтейді. Әлеуметтік қызметкерлер оның денсаулығын бақылап, үй жұмысына көмектесіп отырады.

Әлия Бижанова, әлеуметтік қызметкер:

Атаның денсаулығы жақсы. Қарым-қатынасқа жақсы. Өзі жүреді, далаға шығамыз. Таза ауаға шығамыз. Атаның жағдайы жақсы.

Аудан жастары ардагер тұратын көп қабатты үйдің ауласына тазартып, орындықтарды сырлап берді. Қарияға деген құрмет мұнымен тоқтамайды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу